Мазмұн мен пішін
[ скачать ]
Сылдырап өңкей келісім,Тас бұлақтың суындай...
Абайдың осы сөзінде аса терең мағына жатыр. Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін осыдан артық дәл тауып айту қиын. Әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы – көркем шығарманың шынайы сұлулығы, яки «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімі».
Мазмұн мен пішін – күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Мазмұн мен пішін – тек өнер ғана емес, өмірдегі ақиқат шындықтағы кез келген затқа және құбылысқа тән нәрсе.
Мазмұн мен пішін ең алдымен бір – бірінен айырылмас байланыста, бірлікте; бірінсіз бірі жоқ, яғни мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ.
Пішінді алайық. Пішін дегеніміз – бір нәрсенің пішіні; басқа ережесі жоқ. Осныың енді ішкі қасиеті; анықтамасы бар, ол – мазмұн.
Мазмұнды алайық. мазмұн дегеніміз – бір нәрсенің мазмұны; басқа ережесі жоқ. Осының енді сыртқы қасиеті, анықтамасы бар, ол – пішін.
Мазмұн мен пішіннің бірлігі осының өзінен – ақ анық көрініп тұрғандай. Мазмұн пішіннің ішкі қасиеті, пішін мазмұнның сыртқы анықтамасы болғанда ғана әрқайсысы өзінен - өзі айқындай алады. Жалғыз – ақ осынау мазмұн мен пішіннің бір – біріне ауысу, көшу процесінің негізінде мазмұн жататынын ұмытпау керек. Қандай жағдайда болсын, әуелі мазмұн туады да, өзін анық айқындау үшін өзіне пішін іздейді. Демек, мазмұн мен пішіннің мызғымас бірлігінің негізінде мазмұнның пішіннен басымдығы (примат) жатады деп ұққан жөн.
Енді осы ұғымды көркем әдебиетке көшіріп көрелік.
Әдебиеттегі мазмұн мен пішін деген не?
Бұл арада тағы да біз сөз өнерінің қоғамдық санаға қатысын, әдебиеттің объектісі - өмір, предметі – адам екенін, өмір шындығынан тыс, адам тағдырынан сырт өнер туындысы болмайтынын еске түсіреміз. Сана – шындықтың сәулесі болса, адам санасының мазмұны – сол адам таныған шындық екені мәлім. Сонда әдеби шығарманың мазмұны - өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішіні – осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки әдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес. мәселен, «Ботакөз» романының мазмұны кәдімгі ақиқат өмірде болған келелі шындық – Қазан социалистік революциясының арқасында қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысының жеңісі нәтижесінде Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы. Осы шындықты жазушы өзінің эстетикалық идеалының тұрғысынан суреттеп көрсетті. Бұл жердегі мазмұнның пішіні – Сәбит Мұқанов романында көркем жинақталған әдеби қаһармандардың, дәлірек айтқанда, Асқардың, Ботакөздің, Амантайдың, Кенжетайдың, Кузнецовтың, Темірбектің, Бүркітбайдың, Сағиттың, Асанның, Итбайдың, Байтөбеттің, Кулаковтың, Кошкиннің, Сарбастың, Құзғынбаевтың, Мадиярдың, Базарханның қым-қиғаш күрес пен тартысқа толы қиян-қилы тағдыр тіршілігі. Осынау әр алуан кейіпкерлердің шытырман өмірі - өзара қарым-қатысы, іс-әрекеті, бірін-бірі жақсы көру не жек көру сезімдері арқылы біз Қазан алдындағы қазақ аулының хал-күйін, тұрмыс – тіршілігін, салт – санасын, әдет – ғұрпын, мақсат – мүддесін көзбен көргендей танып, біліп, сол дала қазақтарының революцияға қалайша келгенін, азаттық жолындағы шешуші шайқастарға қалай шыққанын, ақыр аяғында жаңа өмірге қайтіп жеткенін аңғарамыз. Романдағы әр қаһарман өз дәуірінің өзекті оқиғаларына қалай қатысқанын, көркем бейне, қоғамдық характер ретінде қалай қалыптасқанын байқаймыз. Сонда біз автор биік эстетикалық идеал тұрғысынан шынайы, шебер суреттеген қазақ даласындағы дәуірлік шындық – ұлан-асыр күрестер мен тартыстарға толы сегіз жыл (1912 – 1920) ішінде қазақ халқының басынан кешкен аса мәнді һәм күрделі әлеуметтік – саяси оқиғалар шығармадағы кейіпкерлер тағдырымен жіксіз кірігіп, бірігіп, тіпті тұтасып кеткенін көреміз. Дәл осы арада әдеби шығармадағы мазмұнның пішінге көшуі бұлардың айта қалғандай идеалық – көркемдік бірлікке ауысқанын көреміз. Жазушы таңдап тапқан пішін бұл жерде өзінің мазмұнын әрі толық, әрі терең ашып тұр. Шығарманың көлемі де дәл осы тереңіне сай; кейіпкерлер саны да оқиға мөлшеріне лайық; олардың мінез-бітімдері мен қимыл – характтері де тарихи шындыққа сай нанымды, ұтымды, романда суреттелген дәуірдің қоғамдық заңдылықтарын айқын ашып, автордың асыл мұратына мүлтіксіз мегзеп тұр. «Тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісім» дегеніміз де, міне, дәл осы еді.
заказать шкаф купе